Ерлігі елге мұра, ұрпаққа үлгі

Oinet.kz 04-05-2024 327

22a76eee-2348-4b12-8e3f-d7b6c29046bc.jpg 

Үлкенге құрмет көрсету – қазақ қоғамында ежелден бар дәстүр. Мамыр айындағы ең қастерлі мерекелердің бірі – Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ардагер аға буынға қадір-құрметімізді көрсетіп, Отан үшін от кешкендердің ерлігі мен қаһармандығы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз. Жасы үлкендер мен жасы кішілер арасындағы өзара ізет пен сыйластықты арттыратын дәстүрді «AMANAT» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасымен табысты іске асырып келеді.

Халқымыздың ықылым заманнан келе жатқан тәрбие тағылымын берік ұстанған партиямыздың Түркістан облыстық филиалы мереке қарсаңындағы құттықтаулар легін жалғастыруда.  Партияластарымыз жасы үлкенді сыйлаған ұрпақтың мұрагері ретінде ардагер аға буынды мереке сайын қуанышқа бөлеуді перзенттік парызымыз деп біледі. Игілікті істің ізімен партияның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев Ордабасы ауданына арнайы барып, І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің кавалері, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалінің иегері Мұратов Қалмен атамызды Жеңістің 79-шы жылдығымен құттықтады. Жеңіс жауынгерінің шаңырағына арнайы барған меймандардың қатарында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, партиялық фракция мүшесі Ғани Райымбеков пен партияның Ордабасы аудандық филиалының төрағасы  Әлиасқар Бердімұратов болды.

Қалмен ақсақал 1942 жылдан бастап Мәскеу түбіндегі Калинин облысын, Беларусь жеріндегі Витебск өңірін жаудан қорғау шайқастарына қатысып, ерліктің озық үлгісін көрсетті. Соғыс майданында ауыр жарақат алса да, Отан алдындағы жауынгерлік борышын өтеуден тайсалмады. Соғыстан кейінгі жылдары Қалмен атамыз туған жері – Бөржар аймағындағы ұжымшарда бригадир болып еңбек етіп, еліміздің ауыл шаруашылығын тіктеуге үлесін қосты. Көп жылдар бойы темір жол саласында қызмет атқарып, өңірдің транспорттық әлеуетін кеңейтуге білек сыбана кірісті.

«Ер дәулеті – еңбек» дейтін даналықты бойына жиған ер жүректі атамыз дара еңбеккерлік қасиетімен де елге сыйлы болды. Қалмен ата әр жылдары «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Оныншы бес жылдықтың екпіндісі», «Социалистік жарыс жеңімпазы» мәртебелі атақтарына ие болды. Еңбегі көптің, өнбегі көп болатынын қажыр-қайратымен дәлелдеген Қалмен ақсақал «Құрмет белгісімен» наградталып , «Еңбек ардагері» сыйлы атағына ие болды.

Ерлігімен де, еңбегімен де даңқты болған жерлесімізді бүкіл Түркістан жұртшылығы мақтан тұтатынын айтқан Алтынсары Дүйсенбекұлы, биыл 100 жасқа жеткен Қалмен қарияға зор денсаулық тіледі, тұтас өңірдің алтын қазынасы болып елдің қадір-құрметіне бөлене беруіне тілектестігін жеткізді. Даңқты ақсақал ақ батасын беріп, еліміздің амандығын, береке-бірлігіміздің бекем болуын тіледі.


«Таза Қазақстан»: Сарыағаштық жастар 101 жастағы соғыс ардагерінің ауласын тазалады
Шымкентте спорт және мәдениет қызметкерлері жауапқа тартылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу