Шымкент: Әкімнің шешімін мәслихат қолдады

Oinet.kz 28-04-2024 385

16.jpg 

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың автобустарда тегін жүретін жолаушыларға қатысты шешімін мәслихат депутаттары қолдады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясында азаматтардың жекелеген санаттарына қоғамдық көлікте жолақыны тегін ету мәселесі қаралды. Мәслихат депутаттары қала басшысының бұл шешіміне қолдау білдірді. Жергілікті халықты әсіресе, оқушылардың тегін қатынайтыны қуантып отыр. 1 мамырдан бастап енгізілетін мүмкіндік қолдауды қажет ететін бірқатар санаттарды да қамтыды.

Жолаушылар көлігінің сапасы да қала әкімінің жіті бақылауында. Мәслихат отырысында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар, жоспарлар талқыланды. Сондай-ақ тұрғындарды баспанамен қамту шаралары, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, құрылыс салаларында атқарылған жұмыстар қаралып, тиісті сала басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Бұған дейін қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында:

  -- Қоғамдық автобустар - тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ететін, халықтың басым бөлігінің пайдаланатын көлігі. Бүгінде қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығы І-топтағы мүгедектерге, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төс белгі иегерлеріне, Тыл ардагерлеріне, зағип жандарға және олармен бірге жүретін бір адамға берілген. Ал 7-18 жасқа дейін мектеп оқушыларына тарифтің 50 пайызын төлеу жеңілдігі, студенттерге 50 теңге төлеу қарастырылған.

Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, қоғамдық көлікте тегін жүретін санаттағы азаматтар қатарын көбейтуді жөн көрдім,--деп жазып, 1 мамырдан бастап қоғамдық көлікті тегін пайдаланатындардың қатарында мектеп оқушыларының да барын хабарлаған болатын.   


«Таза Қазақстан»: Акцияға оқушылар да атсалысуда
«Өнегелі ұрпақ»: Апталық аясында флешмоб ұйымдастырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу